ҚЫЗАН, АҚШЫМЫРАУ АУМАҒЫНДАҒЫ ҚҰДЫҚТАР
1896 жылғы Закаспий обылысының орталығы Ашхабадта шыққан «Военный обзор» әскери шолу кітабында Манғыстау өңірінен 294 су көзі мен 2834 құдық есепке алынған. Сол кітапта Бозашыдағы тек Мәстектің өзінде 292 құдық, Қызанда 245 құдық, Тасорпада 105 құдық, Жиделіде 56 құдық бар деп жазылған.
Қызан - ноғайлық су, құдық суы қар, жаңбыр суынан молайып отырады. Құдық суын ертеден Бозашының Жеменейі мен Жарысы ортақ пайдаланған.
1. Мәстек - қарттардың айтуы бойынша Ноғайлық су кезінде 200 - дей құдық болған, қазір 15 құдықты пайдаланады. Суы тұщы, тастан шығады. негізінен Кеще ауылы пайдаланып келген. Қар, жаңбыр суынан молайып отырады. 1856 жылы қазақ пен түрікпен Қараман ата басында анттасатының алдында түркімен ақсақалдары патша әкімдеріне «Мәстеқ – біздің ата мекеніміз еді, қазақтар одан бізді қуып шықты» деп арыз айтқан.
2. Имағанбет - 4 құдығы бар. Имағанбет байдың қаздырған шымырауы, тереңдігі 10-12 м, суы тұщы. 1964-жылға дейін пайдаланылған. Қазса 1 отар қой отыруға болады. Жайылысы кең, Кеще ауылының суы.
3. Мыңкісі – құдықты кезінде бөкен Телбай қазған. Қазір құдықтың орны бар, суы жоқ. Жері шаруашылыққа, қыстауға қолайлы.
4. Оралбай - 4 құдық. Суы малға жарамды. Тереңдігі 12-13 м. Дұрыс қазып пайдаланса 1500 қойға жарайды. Қарттардың айтуы бойынша Бәйбішенің суы. Жайылысы шағын екі отарға күзде отыруға қолайлы.
5. Құлқара - ноғайлық су. 5-6 құдығы бар. 500-дей шағын отар отыруға болады. Суы тұщы, жеке қожалық пайдаланды. Жаңбыр, қар суымен молайды.
6. Ақшымырау - елді мекен, орталық, 40-50 құдық бар. 1915 жылдары Киікбай деген Кенже қазған, топырағы ақ болғандықтан Ақшымырау болып аталып кеткен, тереңдігі 14 метрдей, суы малға жарамды, сол жердегі 245 үйдің мал-жанына кейде жетіп, кейде жетпей жатады.
7. Қарабатыр - Қарабатыр деген Бөкен қазған, таңқы, суы ащы, бірақ үш түлік мал да жерімейді, ішеді, малға жұғымды. Шағын шаруаға тиімді. Тереңдігі 12-13 метр.
8. Қарақұдық - ноғайлық су, тереңдігі 8 метр, суы ащы, тастан шығады. Қыста бір отар қойға жарайды. Жайылысы кең, Кенже ауылы жайлаған.
9. Сеңгір - 1900 жылдары Отарқұл деген дәулеталы жары қазған. Тереңдігі 14 метр,суы барлық малға жарамды.Жайылысы 3 отарға жетеді. 7 құдығы бар, жыл сайын аршу керек.
10. Қараш. Қасында Олжа деген жарының моласы бар. Сол кісінікі болуы керек. Суы ащы, орпалық, қазір пайдаланылмайды.
11.Тақырқұдық. 1946 жылдары дәулеталы Төкеш қазған екі құдық.Тереңдігі 10 метр. Суы малға жарамды, қыста екі отар қойға жетеді, жайылысы жақсы.
12. Жиделі - ноғайлық су, заманында Жарының Даулеталысы жайлаған, бұл жерде жер асты суы мол, құмды жағалай құдықтар көп қазылған. Ерте кезде атақты Даулеталы Қоштай мырза, Жетімек Сүйінқара батыр, Кещенің Құрым тақтасы жайлаған. Құдық қазған, 1916 жылы Түйте ахун мешіт салып, бала оқытқан. Тарихи ұлы керуен жолдарының бірі осы жермен өтеді.Осы айтулы орын күдер су талай жыл тасада қалып, санадан сүртіліп, шаруагер қауым оның пайдасын көре алмады. Тек сол кездегі кеңшардың директоры Құлтумаұлы Баулыбайдың талмай ізденуінің нәтижесінде тоқсанға таяп қалған Дәулеталы Бекенің: «Қоштай мырзаның сарқылуды білмейтін “тоқпан” деген қарақұдығы дәл осы жерде болуы керек» деп көрсетуімен Жиделі іргесіндегі Сарыойдан сексенінші жылдардың екінші жартысында бұрғылау арқылы дария судың көзі ( әйкеліне дейін көміліп көрінбей қалған) ел игілігіне қайтып оралды. Міне, сол кәрі орын - ескінің көзі құбырлы құдық су көзін күні бүгінге дейін қызандықтар пайдаланып келеді.
13. Жарқұдық - Өлең деген жары қазған, суы мол қыста отыруға болады. Тастан шығады, екі отар қойға жетеді. Жайылысы тар, бір отарлық.
14. Жолқұдық - Жиделі құмының жағалауындағы жер, 4 құдығы бар, 4-5 метр жерден су шығады. Суы қойға, түйеге жарамды. Мал қыстағы үшін қолайлы орын. Жайылысы кең. Жары Досан батырдың баласы Табан қазған.
15. Мәулі - Есен Мәулі қазған. Тереңдігі 10 метр, суы төрт түлік малға жарамды. 3000 мыңдай қойға жетеді, жайылысы кең.
16. Жалпақ – орпалы құдық, суы ащы, қыс айларында қой мен түйе ғана ішеді. 1970 жылдан бері құдық қазылған жоқ. Егер құдық көбейсе 4000 бас қойға жетеді. Қыста отыруға қолайлы, жері кең, жайылысы жақсы нағыз шаруаның жері. Егізлақ, Қорғанша, Жалпақ деген үш орын бәрі құтты қоныстар. Каспий теңізінің көтерілуіне байланысты бұл аумақтағы су көздері өнімі өзгеріп отырады.
Орпалы құдық – ойлы, су түсетін жерден қазылған құдық. Судын өнімі жаңбырдың түсуіне байланысты, жаңбыр жаумаған жылдары суы сарқылып, өнімсіз болады.
17. Құты – ноғайлық су. Бұл жерде ащы су көзі мол, жайылысы кең, әсіресе күз айларында ақбота, есендер пайдаланған. Жері құмақтық, Өзіне жететін шабындығы бар. Осы аумақты заманында Адайдың төбе биі есен Ерменбет, оның әкесі Сейіт би қоныс еткен. Сейіт бидің 18 ғасырда қазған құдығы бар.
18. Байторы – суы ащы, тек қой мен түйе қыста отыруға болады. Ертеректе Тоқтамыстар қыстаған, сол маңда ескілікті тоқтамыс Мәтеннің зираты бар.
19. Ұзынтам – суы ащы, бірақ малға жарамды, тайыздан шығады. Құдықтары ескі, тым әрінікі. Кім қазды, кімнің қонысы т?6?