Сіз бен біздің дініміз – ислам діні. Дінімізді жақсы көреміз, мақтанышпен айтамыз. Алайда, ислам сөзінің мағынасына үңілуді кейінге қалдырып жатамыз. Ендеше, олқылығымыздың орнын толтырып көрейікші. «Ислам» сөзінің мағынасы – Аллаға, Оның бір екенін мойындай отыра бойұсыну, бұйрықтарын орындау арқылы бағыну, сондай-ақ, серік қосудан бас тарту. Ал Алла деген кім? Құдай – «әл-иләһ» сөзінен шыққан, яғни, құлшылық жасалынушы, бойұсынылушы. Оны ең үлкен махаббатпен жақсы көру керек және Оған ең үлкен бойұсынушылықпен бойұсыну, құлшылық ету керек. Құлшылық – бағыну, қорлану, Одан ғана қорқу, Одан ғана тілеу, бақытсыздықта Одан пана сұрау, Оған ғана дұға жасау, Оны еске алумен тыныштық табу. Құлшылық – Алла жақсы көретін әрі разы болатын ашық және жасырын сөздер мен істерді біріктіретін ұғым. Тозақ оты харам етілген адам Сондықтан да, «Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ» деп айтумен ислам дінін қабылдаймыз. Мұсылман – бойұсынушы. Алланы раббылық сипаттарында бір деп танып, бүкіл жаратылыс түрлерін жаратушы, ризық беруші, қажеттіліктермен қамтамасыз етуші ретінде танушы. Сахих хадисте: «Алла «Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ» деп айтқан адамға тозақты харам етті» делінген. Алайда, бұл – кәлиманы ауызбен айтқан адам жәннатқа барады деген сөз емес. Бұл жүрекке бекітіліп, амалға шыққанда ғана орындалатын уәде. Иман деген өзін дәріптеуден немесе армандардан тұрмайды, иман – сенімнің жүрекке мөрленуі және істердің соған сай адал болуы. Кім кәлиманы тілмен айтып, сәйкес амал жасамаса, батпаққа баяғыдай бата бермек. Егер адам кәлиманы ықыласпен, сеніммен айтса, күнәға берілмейді. Ықылас пен сенім оны Алланы дүниедегі барлық нәрседен де артық жақсы көруге міндеттейді. Сонда оның жүрегінде Алла тыйым салған нәрселерге жеккөрініш, бұйырған нәрселерге сүйіспеншілік пайда болады. Міне, дәл осы адамға тозақ оты харам етілген! Аллаға деген құлшылық үш бірдей ұлы сезімдермен жасалады және осы үш сезімде де ортақ қоспау талап етіледі. Олар: махаббат, қорқыныш және үміт. Махаббат Аллаға махаббатпен құлшылық ету – жүректі Оған, Оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), шариғатына, жаратылысына деген сүйіспеншілікпен толтыру және Алланың жақсы көргенін өз нәпсісінің, шайтанның қалауынан артық қою. Аллаға деген махаббат екі түрлі дәрежеде болады. Біріншісі – парыз болған махаббат, яғни, Алланың ұнатқанын ұнатып, жек көргенінен бас тарту. Бұл – махаббаттың талабы. Себебі, сүюші сүйгенінің ұнатқандарын атқармайтын болса, махаббат толық болып есептелмейді. Егер адамның құлшылығында кемшіліктер көп болса, күнәлардан тыйылмаса – бұл Аллаға деген сүйіспеншіліктің жеткілікті дәрежеде болмауынан. Оған махаббатын кәміл етуге асығу керек. Екінші дәреже – Аллаға жақын болғандардың махаббаты. Бұл адам өз жан қалауымен парыз ғибадаттармен қатар нәпіл ғибадаттарды атқара бастайды. Кішкентай деген күнәнің өзінен аулақ болады. Өмірі қайғы-қасіретке толы болса да, тағдырына әрдайым ризашылық танытады, сынақтарды қуана қарсы алады. Ол адамдар осы махаббатпен қалай таң атып, кеш батқанын да байқамайды. Аллаға деген махаббатқа кедергі келтіретін басқа нәрселерден барынша сақтанады, осыны дұғасына қосады. Мұсылман Аллаға деген махаббатына да серік қоспауы тиіс. Яғни, оның Алладан артық жақсы көретіні болмауы керек. Дана Абай: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп бекер айтпаса керек. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 165-аятында: «Адамдардың арасында өзге нәрселерді Алламен теңестіріп, оларды Алланы сүйгендей сүйетіндер бар. Ал имандылар Алланы бәрінен де қатты сүйеді. Әділетсіздер азапты көрген кезде, бүкіл күш-қуаттың Аллаға тән екенін және Алланың жазалауда қатты екенін біледі» делінген. Аллаға деген махаббатымыз Оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ерумен анықталады: ««(Ей, Мұхаммед!) Айт: «Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар, онда маған еріңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді...». («Әли-Имран» сүресі, 31-аят). Шынайы махаббат – амалға шыққан махаббат. Ал сіз өз махаббатыңызды дәледей аласыз ба? Қорқыныш Алла Тағала жәннатты Раббысынан қорқатындар үшін уәде етті және қайырлы істер тақуалардан қабыл етіледі. Алланың алдында тұратын күннен қорыққан адам жасап жатқан күнәсінен бас тартады, ойға алған зұлымдығы болса, райынан қайтады. Ислам ғұламалары: «Алладан қорқумен тең келетін бірде-бір ғибадат жоқ» және «Алладан қорқудан мақрұм қалған жүрек – өлген жүрек» деп айтады. Ал Алла Тағала Құранда: «Шын мәнінде, сол – шайтан, өзіне ерушілерді ғана қорқытады. Сондықтан, олардан қорықпаңдар, иманды (мүмін) болсаңдар, Менен қорқыңдар» деп бұйырады. («Әли Имран» сүресі, 175-аят). Яғни, құлшылықта тек қана Алладан қорқу талап етіледі. Сіздің алдыңызды кесіп өткен мысықтан, әулие-аруақтан, шайтаннан, мүсіннен қорқуыңыз үлкен күнә саналады. Шын мәнінде, Алла тақуалардан ғана ізгі амалдарды қабыл алады. Ертең жәннаттықтардың айтатын сөздері мынадай болады екен: «Бізден қайғыны кетірген Аллаға мақтау болсын! Ақиқатында, Раббымыз – аса Кешірімді, қайтарым сый беруші» («Фатыр», сүресі, 34-аят) және «Негізінде, біз бұрын үй-ішімізбен болған кезімізде қатты қорқушы едік. Алла бізге игілік етті және бізді Самум азабынан сақтады» («Тур» сүресі, 26-27-аяттар). Бірде бір кісі үнемі жанары жасқа толып жүретін ғұламаға: – Неге мен сіздің әрдайым көзіңіздің жасаурап жүргенін көремін?»,- дейді. Ол: – Бұл жайында неге сұрадың? – Мүмкін Алла маған бұл нәрседен пайдалы ғибрат нәсіп етер... – Ей бауырым, егер мен Алланың әмірімен жүрмесем, күнәһар болсам, тозаққа қамайтындығымен ескертеді. Алламен ант етейін, егер мені тек ыстық моншаға қамайтынын ескерткен болса да, үрейден көз жасымды тыя алмас едім, - деп жауап берген екен. Алдыңғы буынның тақуалары тозақ туралы ескертулерді естігенде есінен танатын, тозақтың отыны адамдар мен тастар болатынын естіген бір сахаба өліп те кеткен болатын. Иә, солай. Әрбір мұсылман Құрандағы тозақ, Алланың азабы туралы аяттарды оқығанда жылауы керек, жыламаса, жылай алмайтыны үшін жыласын... Үміт Қорқыныш-үреймен құлшылық жасау да дұрыс емес. Пенде Раббысының рақыметінен де үміт үзбеу керек. Алла жүрегіне үміт ұялаған құлына игілік етеді. Әбу Халид (оған Алла разы болсын) мына бір оқиғаны баяндайды: «Мен Шам қаласында бір тақуа кісімен араласып тұратын едім. Бірде оның көршісі қатты ауырып қалды. Бара қалсам, оның жанында әкесінің бауыры отыр екен. Ол кісі науқасқа: «Ей, Алланың дұшпаны! Мен сені жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтарған жоқ па едім?» дейді. Ал төсектегі жігіт: «О, әкемнің бауыры! Егер Алла менің ақыреттегі ісімді өзімнің анама тапсырып қойса, анам маған қандай шешім шығарушы еді?» деп сұрақ қояды. Ағасы: «Анаң сені жәннатқа кіргізер еді» деп жауап берді. Сонда ол: «Алла менің анамнан да мейірімді!» дейді де, жан тапсырады. Кейіннен ағасымен бірге жігітке қабір қазуға бардық. Қабір қазылып біткен уақытта ағасының жан дауысы шықты. Себебін сұрағанымда: «Қабір кеңейіп, іші нұрланып кетті» деді үрейленіп. Анамыздан да мейірімді болған Алла Жомарт, Бай, Сый беруші! Басқа бір қайғы түссе, оны Алладан басқа кім сейілте алады? Ұшақ немесе көлік апатқа ұшырағанда, адамдардың бәрі Алладан басқа ешкімнің де құтқара алмайтындығын түсінеді. Сол кезде ойлар заттанады деген ішкі түйсігіңіз, күн сайын өміріңде нендей оқиғалар болатынын хабарлағыш жұлдыздар, он адамға таратсаң, жолың болады дегіш хабарламалар, бақсы-балгер де, әулие де, әруақ та – ешкім сізді алып қала алмайды. Басымызға бір игілік келсе, ол да Алланың ғана рұқсатымен болмай ма? Әлемде 2-3 ай жұмыс істеместен бақуатты өмір сүретіндер және 2-3 айда миллиардтаған ақша тауып, кедейленіп отырғандар бар. Ол ғана рақымшылық танытады, сынаққа алады, ізгіліктер жібереді, ризықтан айырады. Денсаулықты, байлықты, сәттілікті, нәсіп етеді. Бір адамның мәртебесін жоғары етеді, екіншісін қорлайды, үшіншісіне билік береді. Ол – барлық нәрсенің Иесі, адамдарда Одан басқа Қорғаушы да, Қолдаушы да жоқ. Алла Тағала өзіне тәуекел еткенді және көмек сұрағанды жақсы көреді. Өзіне ықыласты, шынайы болып, құлшылығын тек Өзіне арнағандардың үмітін жауапсыз қалдырмайды. Алла оны өз қорғауына алып, жақсылыққа жолын жеңілдетеді, қайғы мен мұңнан құтқарады. «Талақ» сүресінің 3-аятында: «Әрі Ол оған оның өзі ойламаған жақтан ризық береді. Ал кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші...» делінген. Басқа сүрелерден: «Әрі Аллаға жүгініп, ісіңді Оған тапсыр (тәуекел ет). Алла – сенім артылушы, қорғаушы (Уакил) ретінде жеткілікті» («Азхаб» сүресі, 3-аят) немесе «Егер иманды (мүмін) болсаңдар, Аллаға жүгініп, Оған істеріңді тапсырыңдар (тәуекел етіңдер)» сынды аяттарды оқимыз. («Мәида» сүресі, 23-аят). Бұл – Алланың бұйрығы, яғни, Өзі разы болатын құлшылық. Ғұламалардың айтуынша, кімде-кім Аллаға тек үмітпен құлшылық жасаса, күнәлары иманға әсер етпейді, кім тек қорқынышпен ғана ғибадат етсе, адам күнәсі үшін мәңгі тозақта қалады деп есептеп, Алланың мейірімін ұмытады, кім тек махаббатпен ғана құлшылық жасаса, ол күнәлардан тыйылмайды, діннен алыстайды. Кім махахаббатпен, қорқынышпен және үмітпен ғибадат етсе – Алла Тағаланы бір деп таныған пенде ретінде сауаптарға кенеледі. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда осы үш сезімді серік ету қажет. Осы үшеуінің бірі табылмаса – иманның кәмілдігі жойылады. Осы үш сезімге ешбір серік қоспастан, бұлжытпай құлшылық етуге тырысу үшін сабырлық пен шүкіршілікті серік ету ләзім...

Теги других блогов: ислам дін құлшылық Аллаға